Қазақстан Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Құжат жануарлар ауруларының алдын алу, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және ветеринария саласын жаңғыртуға бағытталған.
Үкіметтің мәліметінше, жаңа жоспар аясында ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, зертханалық бақылау күшейтіледі. Сонымен қатар ветеринария саласын цифрландыру және мал шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын толық бақылау тетіктері кеңейтіледі.
Ет пен сүт өнімдеріне бақылау күшейтіледі
Кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі – өнімді «фермадан үстелге дейін» қағидаты бойынша қадағалау жүйесін дамыту.
Осы мақсатта ветеринариялық-санитариялық сараптама модулі енгізіліп жатыр. Жүйеге зертханалар, мал сою орындары және сауда нысандары қосылған. Алдағы кезеңде қоғамдық тамақтану орындарын да кезең-кезеңімен қамту жоспарланған.
Сондай-ақ жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау шаралары күшейтіледі.
Ветеринарлардың жалақысы артады
Үкімет жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін жергілікті атқарушы органдарға қарасты ветеринариялық ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 1,5-2,5 есеге дейін ұлғайтылмақ.
Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80 пайызға дейін жаңарту көзделген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ветеринариялық препарат өндіретін 21 кәсіпорын жұмыс істейді. Ел аумағын қауіпті аурулардан қорғау үшін шекаралық аймақтарда 67 ветеринариялық бақылау бекеті қызмет көрсетеді.
Өткен жылы мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар Қазақстан шекарасы арқылы тасымалданған 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тексерген.
Мамандардың пікірінше, жаңа кешенді жоспар ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.