Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі артты

Автор Асан Джалилов
37 просмотры

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция 19,5 трлн теңгені құраған еді.

Инвестициялық белсенділіктің өсуі экономиканың бірнеше негізгі саласында байқалды. Әсіресе қаржы және сақтандыру секторында айтарлықтай өсім тіркеліп, инвестиция көлемі 88,4 пайызға артып, 313,5 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар электр энергиясы, газ, бу және ыстық сумен жабдықтау саласында инвестиция 53,1 пайызға, ауыл шаруашылығында 53 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 30,1 пайызға көбейді. Ақпарат және байланыс саласында 13,4 пайыз, білім беру саласында 9,2 пайыз, ал көлік пен қойма бағытында 9 пайыз өсім байқалды.

Шетелдік инвестициялардың да үлесі артқан. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 14,9 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9 пайызға көп.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстанның 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Құжатта жаңа экономикалық үрдістерді ескере отырып, инвестиция тарту жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар қарастырылған. Негізгі мақсат – жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту және экономиканың шикізаттық емес секторына инвестиция тарту.

Қазіргі уақытта елде инвесторлармен жұмыс істеудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе әлеуетті инвесторларды іздеуден бастап, жобаларды жүзеге асыру мен оларды кейінгі сүйемелдеуге дейінгі толық үдерісті қамтиды. Сонымен қатар халықаралық деңгейде елдің инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілету үшін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының шетелдегі өкілдіктері кеңейтілуде.

Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі жанынан арнайы инвестициялық кеңес құрылды. Сондай-ақ инвесторларға қызмет көрсетуді жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты бойынша Kazakhstan Investment House бірыңғай орталығын құру жоспарланып отыр.

Инвестиция тартуда өңірлердің рөлі де күшейтілуде. Аймақтарда инвестициялық штабтардың жұмысы жанданып, жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылымды дамыту көзделген. Сонымен бірге арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инвесторлар үшін рәсімдерді жеңілдету шаралары қарастырылған.

Инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін бірқатар қосымша тетіктер енгізіледі. Атап айтқанда, инвестициялық омбудсменнің функциясы Бас прокурорға беріледі, ал ірі жобаларды құқықтық тұрғыда сүйемелдеу үшін өңірлерде инвестициялық прокурорлар тағайындалады. Сонымен қатар «жасыл дәліз» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметтерді жедел алу мүмкіндігі қарастырылған.