Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!

Автор Бакыт Кулманов
84 просмотры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады, – деп хабарлайды barbang.info

Президент өз құттықтауында:

«Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – дүние жүзіндегі миллиардтаған жанды рухани тазаруға, жақынына жанашыр әрі қамқор болуға үндейтін мезгіл», – деді.

Мемлекет басшысы Ораза айының адам бойындағы шыдамдылық, төзімділік, қарапайымдылық, жауапкершілік және адалдық сияқты асыл қасиеттерді нығайтатынын атап өтті.

Сонымен қатар, қазіргі күрделі жаһандық ахуал жағдайында Рамазанның рухани мәнін терең түсініп, кемел санамен қабылдау – үлкен имандылықтың белгісі екенін айтты.

Құттықтау соңында:

«Білімге, тазалыққа және жақсылыққа бастайтын өркениетті қоғамда Рамазан айы жаңа рухани мәнге ие болып, барша жұртқа шапағатын тигізетіні сөзсіз. Қасиетті Рамазан құтты болсын, мұсылман жамағаты!» – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.