Алматы қаласындағы Инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағында 2030 жылға дейінгі уақыт капсуласын салтанатты түрде қою рәсімі өтті. Бұл шара Қазақстанда кремний кластерін қалыптастыру жобасының практикалық кезеңге өткенін білдіретін маңызды оқиға ретінде бағаланды.
Ауқымды жоба елімізде жоғары технологиялық өндірістің толық циклін құруды көздейді. Өндірістік тізбек кварц өндіруден бастап металлургиялық және поликристалдық кремний шығаруға, одан әрі монокристалл өсіруге, жартылай өткізгіш пластиналар дайындауға, фотоэлектрлік элементтер мен күн панельдерін өндіруге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Осылайша, шикізаттан дайын жоғары технологиялық өнімге дейінгі толық өндірістік жүйе жасақталмақ.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың қазан айына дейін арнайы экономикалық аймақ аумағында жылына 1 ГВт жартылай өткізгіш пластиналар шығаратын зауыт іске қосылады. Кейін өндіріс көлемін 2 ГВт-қа дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл бастама Қазақстанды Орталық Азиядағы жоғары технологиялық материалдар өндіретін жетекші орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп кремнийді 12N деңгейіне дейін, яғни 99,9999999999 пайыз тазалыққа жеткізетін зертхана құру жоспарланған. Мұндай жоғары сападағы материал әлемдік нарықта сирек өндіріледі және микроэлектроника, интегралдық схемалар өндірісі, кванттық технологиялар, фотоника, ғарыш және қорғаныс электроникасы секілді стратегиялық салаларда қолданылады.
Салтанатты рәсімге ғылыми қауымдастық пен өндіріс саласының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Күрішбаев, академик Асқар Жұмаділдаев, арнайы экономикалық аймақтың бас директоры Алмас Мадиев және жобаның бастамашысы Мұрат Рахимжанов болды.
Кремний кластерін құру бастамасы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтуға бағытталған. Жоба іске асқанда жоғары қосылған құны бар өнім өндірісі ұлғайып, ғылыми-зерттеу әлеуеті мен өнеркәсіптік кооперация жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде. Ал 2030 жылға дейінгі уақыт капсуласы осы индустриялық серпілістің символы ретінде болашаққа жолданды.