Қазақстанда мектеп оқушыларының смартфон пайдалану тәртібі өзгеруі ықтимал. Тиісті түзету Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері жөніндегі заң жобасында қарастырылған.
Қазіргі қолданыстағы нормаға сәйкес, оқушыларға телефонды сабақ кезінде пайдалануға тыйым салынады, ал үзіліс уақытында қолдануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ оқу процесіне қажет болған жағдайда мұғалімнің шешімімен смартфон пайдалануға мүмкіндік беріледі.
Заң жобасының салыстырмалы кестесіне сәйкес, оқушылардың гаджет пайдалану тәртібін белгілеу құзыреті білім беру саласындағы уәкілетті органға берілуі мүмкін. Бұл – Оқу-ағарту министрлігі немесе өңірлік білім басқармалары болуы ықтимал. Соның нәтижесінде мектептерде телефон пайдалануға қойылатын талаптар бірыңғай ережемен реттелуі мүмкін.
Түзетулердің негіздемесінде мұндай шектеулер кибербуллинг пен деструктивті контент тәуекелдерін азайтуға, мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге, сондай-ақ оқушылардың жанды қарым-қатынас деңгейін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілген.
Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Заң жобасы Мәжілісте қаралып, талқылау нәтижесінде түпкілікті норма бекітіледі.