Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында отбасылардың әлеуметтік жағдайын анықтаудың жаңа цифрлық тетігі сыналып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, арнайы скорингтік модель арқылы 27 мыңнан астам адамға қосымша мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Пилоттық жоба аясында отбасылардың әл-ауқаты автоматтандырылған жүйе арқылы бағаланып, мемлекеттік көмектің нақты қажеттілігі айқындалады. Қазіргі таңда бұл модель төрт мемлекеттік қызметке толық енгізілген.
Атап айтқанда, тұрғын үй көмегін тағайындау, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана ақысын субсидиялау, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға кеткен шығындарды өтеу кезінде скоринг жүйесі қолданылады. Нәтижесінде тұрғын үй көмегіне өтініш берген 1 821 адамның барлығы қолдауға ие болды. Ал жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауға өтініш берген 2 181 отбасының 839-ының әл-ауқаты жоғары деп танылған.
Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға байланысты қызмет бойынша 1 677 өтініш түскен. Ұпайлау нәтижесінде олардың 41-і тұрмысы жоғары деңгейдегі отбасылар санатына жатқызылған.
Сонымен қатар Қарағанды облысы мен Шымкент қаласындағы 317 мектепте әлеуметтік педагогтер үшін арнайы цифрлық функционал енгізілді. Бұл жүйе арқылы 22 мыңнан астам өтініш қаралып, оның 74-і әл-ауқаты жоғары отбасылардан екені анықталған.
Министрліктің түсіндіруінше, скорингтік модель 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық көрсеткішке негізделген. Отбасылар табыс деңгейі, мүлік, көлік, несиелер, денсаулық жағдайы, білім деңгейі және басқа да факторлар бойынша алты санатқа бөлінеді — аса мұқтаждықтан бастап, материалдық қиындықтары жоқ жоғары әл-ауқатқа дейін.
Мысалы, екі және одан да көп тұрғын үйі немесе көлігі бар, бизнесі тіркелген, бір отбасы мүшесінің табысы төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен асатын азаматтар жоғары санатқа енгізіледі. Мұндай отбасылар жергілікті бюджеттен берілетін қосымша қолдау шараларынан шығарылады.
Айта кету керек, бұл жүйе республикалық бюджет есебінен төленетін зейнетақылар мен негізгі жәрдемақыларға әсер етпейді. Базалық және ынтымақты зейнетақылар, бала күтімі, мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер бұрынғыдай сақталады.