Президент: «Бәйтерек» холдингі экономиканың нақты секторын қолдауды күшейтуі тиіс

Автор Асан Джалилов
43 просмотры

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады. Кездесу барысында холдингтің биылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттері талқыланды.

Президентке холдингті трансформациялау, сондай-ақ экономиканың стратегиялық бағыттарын қолдауға бағытталған шаралар туралы баяндалды. Рустам Қарағойшиннің айтуынша, 2025 жылы «Бәйтерек» ел экономикасына жалпы көлемі 9 триллион теңгеге жуық қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл қаражат кәсіпкерлікті дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға, тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несиелеуге бағытталған.

Биыл республика көлемінде шамамен 25 мың жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар «Даму» қоры негізінде құрылған кепілдік қорларының қызметі туралы ақпарат берілді. Аталған қорлар шағын және орта бизнеске, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым салаларындағы ірі инвестициялық жобаларға қолдау көрсетіп келеді.

Кездесуде холдингтің жаңа жұмыс моделі де таныстырылды. Ол «инвестицияға тапсырыс» жүйесін қалыптастыруды, стратегиялық маңызы бар жобаларды сүйемелдеуді және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды көздейді. Қазіргі таңда жалпы құны шамамен 87 триллион теңгені құрайтын, 1,5 мыңға жуық инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталған.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту аясын кеңейту мен экономиканың нақты секторын қаржыландырудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингіне басым инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру және экономикаға ұзақ мерзімді капитал тартуды қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Комментарии