Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай этномәдени бірлестіктердің қатысуымен республикалық конференция өтті. «Қазақстан – бейбітшілік пен бірліктің кепілі» тақырыбында ұйымдастырылған жиын қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға арналды.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ҚХА мүшелері, қоғамдық құрылымдардың жетекшілері, қала әкімдігінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ өңірлік Достық үйлерінің өкілдері қатысты.
Конференцияға Қазақстан күрдтері «БАРБАНГ» республикалық қауымдастығының белсенді мүшелері де атсалысты. Олардың қатарында ҚХА Кеңесінің мүшесі, ҚХА Республикалық қорының төрағасы, «БАРБАНГ» қауымдастығы басқарма кеңесінің төрағасы Рафик Мирзоев, қауымдастық төрағасының орынбасарлары Мурад Шамилов пен Маджит Исмаилов, Алматы қаласы бойынша филиал төрағасының орынбасары Мамед Пашаев, Алматы облысы бойынша филиал төрағасы Руслан Пашаев болды.
Пленарлық отырыс барысында «БАРБАНГ» республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары, ҚХА мүшесі Агали Ибрагимов баяндама жасап, этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайтудағы рөліне тоқталды.
Жиын аясында қоғамдық келісімді одан әрі дамыту, этномәдени бірлестіктердің әлеуетін күшейту, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясын бірегей қоғамдық институт ретінде жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар қоғамдық диалогты дамыту, мәдени және әлеуметтік бастамаларды іске асыру, өңірлерде этномәдени бірлестіктердің мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимылын арттыру жөнінде пікір алмасты.
Конференция барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамды топтастырудағы, бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды үйлестіруші рөлі ерекше атап өтілді.