Қазақстан биыл Орталық Азия мемлекеттеріне астық экспортын едәуір ұлғайтты. Көлік министрлігінде «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚТЖ» ұлттық компаниясы өкілдерінің қатысуымен өткен жедел кеңесте астық тасымалының қазіргі ахуалы мен өткізу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы 11 айында аймақ елдеріне жөнелтілген астық көлемі 5,6 миллион тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға артқан. Тек қараша айында ғана экспорттық жөнелтілімдер 1,2 миллион тоннадан асып, соның 700 мың тоннасы Орталық Азия бағытына тиесілі болды.
Астық жөнелтілімдерінің күрт көбеюі Өзбекстандағы қабылдау терминалдарының шамадан тыс жүктелуіне әкелгені атап өтілді. Бұл жағдай екі ел көлік әкімшіліктері тарапынан үйлесімді әрі жедел шаралар қабылдауды талап етеді.
Осыған байланысты Өзбекстан теміржолдарымен бірлескен кеңес өткізу туралы шешім қабылданды. Жиын 8–9 желтоқсанда Сарыағаш пен Ташкент қалаларында өтіп, астық экспортын ұйымдастырудың нақтыланған тетіктері қарастырылмақ.