Қазақстанда жоғары білім саласындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында жүргізілген мониторинг нәтижесінде ондаған жалған диплом анықталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде 46 жалған құжат және оларды дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс тіркелген.
Министрлік бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, дипломдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы деректер базасының қалыптасқанын хабарлады. 1991 жылдан бері берілген дипломдар бірыңғай базаға енгізіліп, құжаттар бірегей нөмір мен QR-код арқылы рәсімделеді. Осындай белгілері жоқ дипломдар ресми түрде жарамсыз деп танылады.
Салаға жауапты ведомство мен ішкі істер органдары жалған дипломдарды әзірлеу және тарату фактілерін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша материалдар тиісті органдарға жолданды.
Министрлік жұмыс берушілерге құжаттың түпнұсқалығын epvo.kz сервисі немесе мобильді қосымшаның «Цифрлық құжаттар» бөлімі арқылы тексеруді ұсынады. Бұл шаралар жоғары білім саласындағы ашықтықты арттыруға және заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.