Көрнекті философ Жабайхан Әбділдин 93 жасында дүниеден өтті

Автор Асан Джалилов
9 просмотры

Қазақстанның әйгілі философы, диалектикалық логика мектебінің негізін қалаушы, ұлт гуманитарлық ғылымының көрнекті өкілі Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин 93 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды қоғам қайраткері Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында жеткізді. Оның айтуынша, ғалым жақындарының қамқорлығымен Ыстамбұлда ем қабылдаған. Жерлеу рәсімі 5 желтоқсанда Астанадағы жаңа мешітте өтеді.

Жабайхан Әбділдин – кеңестік және қазақстандық философиядағы ерекше тұлға, қазіргі заман гуманитарлық ойының ең ірі өкілдерінің бірі. Оның ғылыми мұрасы отандық философияны жаңа деңгейге көтеріп, диалектика, таным теориясы және логика саласындағы зерттеулерге айрықша серпін берді.

1933 жылы Павлодар облысының Майтүбек ауылында дүниеге келген ол С. М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетін тәмамдағаннан кейін ғылым жолын бастаған. Кандидаттық диссертациясын ММУ-де, ал докторлық жұмысын КСРО Ғылым академиясы Философия институтында қорғады. Зерттеулері таным теориясының басты мәселелеріне арналды.

Ол Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында қызмет атқарып, кіші ғылыми қызметкерден институт директоры деңгейіне дейін көтерілді. Кейін Қазақстан Ғылым академиясының вице-президенті болды. Әбділдин көптеген ғылыми жобаларды басқарды, жас ғалымдар тәрбиелеп, қазақстандық философия мектебінің қалыптасуына үлкен үлес қосты.

Жабайхан Әбділдин елдің қоғамдық-саяси өмірінде де белсенді рөл атқарды. Ол халық депутаты, сенатор, бірқатар парламенттік комитеттердің төрағасы болды. Қазақстан философиялық қоғамын ұзақ жылдар басқарды және президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты.

Ғалымның елге сіңірген еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен атап өтілді. Ол «Барыс» орденінің II және III дәрежелерімен, «Парасат» орденімен, мемлекеттік сыйлықтармен және бірқатар халықаралық марапаттармен наградталды. Еуразия ұлттық университетіндегі аудиториялардың біріне оның есімі берілгені — ғалымға деген құрметтің бір белгісі.

Жабайхан Әбділдиннің өмір жолы мен ғылыми мұрасы Қазақстан философиясының дамуына өшпес із қалдырды. Ғалымды зиялы қауым, шәкірттері мен әріптестері ерекше құрметпен есіне алады.

Комментарии