Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Джумурбаевпен және Қазақстан күрдтері «Барбанг» қауымдастығы жастар қанатының белсендісі Р. Абдуллаевпен кездесті. Қоғамдық келісім саласындағы жастар бастамаларын цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
Кездесу барысында «Digital Assembly» жобасының даму бағыты қарастырылып, оның ҚХА жастар құрылымдары жұмысына қолданылу мүмкіндіктері талданды. Жастар бастамаларын қолдау үшін заманауи цифрлық сервистер құру, онлайн-коммуникацияны күшейту және интерактивті платформаларды пайдалану жөніндегі ұсыныстар ортаға салынды.
Жасанды интеллектті Ассамблея жұмысына енгізу мәселесі жеке бағыт ретінде қаралды. Тараптар нақты процестерді автоматтандыру, талдамалық мүмкіндіктерді кеңейту және коммуникацияның тиімділігін арттыруға арналған перспективаларды талқылады.
Марат Әзілханов ҚХА қызметінің ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдерді жүйелі түрде дамыту аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар жастардың бастамаларын жедел жүзеге асыруға, қоғаммен байланысты нығайтуға және Ассамблеяның ақпараттық жұмысын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Мурад ШАМИЛОВ