Әлемдік мұнай-химия нарығы соңғы онжылдықтардағы ең күрделі бетбұрыстың бірін бастан өткеріп жатыр. Көптеген жетекші компаниялардың табысы төмендеп, полимерлік өндірістің негізгі буыны саналатын этилен өндірісінің жүктемесі соңғы қырық жылдағы ең минималды деңгейге түсті. Бұл туралы Kazinform хабарлайды.
Саланың дағдарысқа ұшырауының басты себептерінің бірі – өндірістік қуаттың шамадан тыс артуы. Соңғы жылдары Қытайдың өзін өзі қамтамасыз етуге бағытталған саясаты артық өнімнің пайда болуына алып келді. Еуропада жағдай одан да қиын: энергия мен шикізат қымбат, көміртек салығы өсіп, Dow, ExxonMobil, Shell және LyondellBasell секілді алпауыттар бірқатар өндірісін жабуға мәжбүр болды. Оңтүстік Корея мен Жапония да ескі кәсіпорындарын тоқтатып, саланы қайта құрылымдауға кірісті. Ал Қытай полипропилен өндірісін ұлғайтып, енді оны сыртқы нарыққа шығара бастады. Бұл Азиядағы бәсекені күрт күшейтті.
Осындай жағдайда дамудың бір ғана жолы бар – заманауи технологиялармен жабдықталған, ресурсы мол, жаңа өндірістер ғана бәсекеге төтеп бере алады. Қазақстан дәл осындай тарихи мүмкіндік алдында тұр. Елдің индустриялық саясаты бұрынғыдай тек шикізат экспорттауға емес, мұнайды терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған жаңа экономикалық бағдар осы бағытты нақты айқындады.
2025 жылы мұнай-газ химиясы саласы айтарлықтай ілгеріледі: өндіріс көлемі бір жылда 150 пайызға өсіп, экспорттық кірістің үлесі едәуір артты. Алайда ең маңыздысы – ел ішінде технологиялық тәжірибе мен өндірістік мәдениеттің қалыптасуы.
Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) зауыты осы жаңа индустриялық саясаттың негізгі мысалы. 2022 жылы іске қосылған кешен қысқа мерзім ішінде тұрақты өндірістік өсімге қол жеткізді. Биылғы тоғыз айда кәсіпорын 135 мың тонна полипропилен өндіріп, былтырғы көрсеткіштен 68 пайызға артық нәтижеге жетті. Өнімнің 128 мың тоннасы сатылып, оның 115 мың тоннасы сыртқы нарыққа жөнелтілген. Ішкі нарықтағы сұраныс та екі еседен көп өсті.
KPI – қарапайым өндіріс орны емес, Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік философиясының көрінісі: ұлттық шикізатты өзімізде өңдеу, ішкі нарықты қалыптастыру және дайын өнімді шетелге шығару. Зауыттың стратегиялық серіктесі әрі акционері – ресейлік СИБУР компаниясы. Ол қаржылық қана емес, технологиялық қолдау көрсетіп, ірі кешендерді басқару тәжірибесімен бөлісуде.
Сарапшы Жанар Назарбаеваның айтуынша, қазіргі құбылмалы кезеңде тұрақты жұмыс істей алатын ел ғана табысқа жетеді. Оның пікірінше, Қазақстан мұнай-химия өндірісінің толық тізбегін қалыптастыру бағытында нақты нәтиже көрсетіп келеді.
Ресей де СИБУР арқылы өз мұнай-химия секторын жаңғыртып жатқандықтан, екі елдің кәсіпорындары біртіндеп ортақ еуразиялық технологиялық экожүйені қалыптастыруда. Бұл үрдісте Қазақстан шеткері емес, өңірлік орталықтың маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді.
Әлемдік мұнай нарығының баяу өсуіне қарамастан, мұнай-химия саласы оның негізгі қозғаушы күшіне айналды. Қазақстан бұл өзгерістердің сыртында тұрған жоқ – нақты жобалар, өсіп жатқан өндіріс көлемдері және экспорттық әлеует елдің индустриялық жаңғыруының жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Бұрын құн қосу тізбегінің екінші сатысында тұрған сала енді дербес, тұрақты әрі технологиялық тұрғыдан қуатты бағытқа айналды.