Қазақстан жаңа егіннен 2,2 млн тонна астық экспорттады. Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
Министрдің мәліметінше, қазақстандық астыққа халықаралық нарықта сұраныс жоғары қалып отыр. Биылғы маусымда ел алғаш рет Бельгия, Португалия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері және Солтүстік Африка елдері (Марокко, Алжир, Мысыр) сияқты дәстүрлі емес нарықтарға экспорт бастады.
Сонымен қатар Иран, Әзербайжан, Армения және Грузия бағыттарына астық жеткізу қайта жанданды.
Қазақстан соңғы жылдары логистика бағыттарын әртараптандыру және экспорт географиясын кеңейту бойынша жұмыстарды күшейтіп келеді. Сарапшылар бұл үрдіс елдің агро-өнеркәсіптік кешені үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтуде.