Қазақстанда мектеп оқушылары үшін жүзу дағдыларын үйрету бағытында жаңа бастама қолға алынуда. Білім министрлігі және Qazaq Aquatics федерациясы дене тәрбиесі пәні аясында жүзу сабақтарын енгізу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жоба 2026 жылдан бастап Алматы мен Астана қалаларында пилоттық режимде басталып, кейін кезең-кезеңімен еліміздің басқа өңірлерінде де енгізілмек.
Федерация бұл бастаманы бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту және судағы қауіпсіздік мәдениетін арттыру тұрғысынан маңызды деп бағалайды.
Халықаралық деректерге сәйкес, суға бату әлемде жиі кездесетін қауіптің бірі болып отыр. Осыған байланысты балаларды ерте жастан жүзуге үйрету — алдын алу шараларының ең тиімді жолдарының бірі саналады.
Елімізде жүзу сабақтарын ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым бар: 360-тан астам бассейн жұмыс істейді, оның ішінде 50 метрлік олимпиадалық стандарттағы 35 нысан бар.
Жоба толық жүзеге асқанда, мектеп оқушылары жүзудің негізгі дағдыларын меңгеріп, суда қауіпсіз әрекет ету ережелерін үйренетін болады.