Астана. 2025 жылғы 24 қазан. Barbang Info – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен техника, сондай-ақ гуманитарлық ғылымдар саласында ерекше еңбек еткен ғалымдарға мемлекеттік сыйлықтар тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталар атласы» жобасын әзірлеу тобына берілді. Олардың қатарында:
– геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Мәліс Әбсәметов,
– «АлматыГидроГеология» ЖШС бас директоры Рахматулла Аязбаев,
– техника ғылымдарының кандидаты, профессор Ержан Көлдеев,
– геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Ермек Мұртазин,
– және бас ғылыми қызметкер Владимир Смоляр бар. Сондай-ақ осы номинация бойынша екінші жүлде түсті металлургияның кондициялық емес шикізатынан жоғары сапалы селен алудың экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологиясын әзірлеу және оның өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру тақырыбындағы ғылыми жұмыс авторларына табысталды. Олардың арасында:
Бақдәулет Кенжәлiев, Валерий Володин, Ержан Оспанов, Сергей Требухов және Александр Шахалов. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлық екі ғылыми жоба авторларына берілді.
Біріншісі – «Қазақстан археологиясы. Деректер мен зерттеулер» сериялы басылымын дайындаған тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнолла Самашев.
Екіншісі – «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XV–XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ Мемлекеті» атты еңбектің авторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. Президент әкімшілігінің хабарлауынша, бұл марапаттар ел ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың еңбегін жоғары бағалау және ғылыми жетістіктердің қоғам игілігіне айналуын ынталандыру мақсатында берілді.
Тоқаев ғылым мен гуманитарлық сала өкілдеріне мемлекеттік сыйлықтар табыстады
5