Алматы. 10 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен маңызды кездесу өтті.
Іс-шараға қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қоғамдық құрылымдардың жетекшілері қатысып, ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттар, ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы Ассамблеяның рөлі, сондай-ақ жастарды әлеуметтік және еріктілік жобаларға тарту мәселелері талқыланды.
Басқосуда Шымкент қалалық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Сулейманов Исмат Камалович сөз сөйлеп, ұлтаралық татулықтың қоғам дамуындағы маңызын атап өтті. Ол күрд қауымының қала өміріндегі мәдени және қоғамдық бастамаларға белсене қатысып, ортақ құндылықтарды дәріптеп келе жатқанын жеткізді. Кездесуді ұйымдастырғандарға алғысымызды білдіреміз!
Осындай еркін форматтағы диалогтар түрлі этнос өкілдерінің пікірін тыңдап, ел бірлігін одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік береді.