Алматы. 1 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Бүгін бүкіл әлемде Қарттар күні аталып өтуде. Бұл күн БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1990 жылдан бері 1 қазанда өткізіліп келеді.
Қазақстанда да қарияларға қамқорлық жасау, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы деректерге сәйкес, елімізде 2,37 миллион зейнеткер бар, олардың басым көпшілігі әйелдер. 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі халықтың 9,2%-ын құрайды, ал Солтүстік және Шығыс өңірлерде бұл көрсеткіш 15%-дан асады.
Қазақстанда 448 адам жүз жастан асқан, олардың ең үлкені – Ұлытау облысында тұратын 115 жастағы қария. Ең көп ұзақ ғұмыр иелері Алматы қаласында (58 адам) мен Түркістан облысында (53 адам) шоғырланған.
Қарттар үйлерінде 3,5 мыңнан астам азамат өмір сүреді. Бұған қоса, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2025 жылдың қыркүйегінде 270 мыңнан астам адам АӘК алған, олардың ішінде зейнеткерлер де бар.
Жыл басынан бері мемлекет қазынасынан 2,8 трлн теңгеден астам қаржы зейнетақы төлеміне жұмсалды, орташа айлық зейнетақы 142 мың теңгеге жетті.
2025 жылдың қаңтарынан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен жоғары өсірілді. Арнайы әлеуметтік қызметтерді 36 мыңнан астам қария пайдаланып отыр. Олар тұрмыстық, медициналық, құқықтық және психологиялық қолдаумен қамтылады.
2025 жылдан бастап мұндай мекемелерді лицензиялау енгізіліп, бүгінде 587 ұйым ресми түрде қызмет көрсетуде. Ел бойынша 127 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді.
Мұнда зейнеткерлер денсаулық мәдениеті, әлеуметтік бейімделу және бос уақытты тиімді өткізу бағытында тегін қызметтер алады. Биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл орталықтарда 116 мыңнан астам адамға 649 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Қарттарға қамқорлық — қоғамның адамгершілік өлшемі.
Сондықтан Қазақстанда егде жастағы азаматтарға қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала береді.