Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» Ассоциациясы жанындағы Ғылым және білім комитетінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Экономика институты секторының меңгерушісі Жасым Османов Италияның Рим қаласында өткен Халықаралық тұрақты даму конференциясына қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Ғалымның баяндамасы «Қазақстанның мұнай-газ саласында парниктік газдар шығарындыларын азайту сценарийлері және экономикалық өсімнің басымдықтары» тақырыбына арналды.
Өз сөзінде Ж. Османов климаттың өзгеруі – бүгінде бүкіл әлемге ортақ сын-қатер екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан энергетика саласында экологиялық жаңа шешімдерді енгізуде алдыңғы қатарға шығуы тиіс. «Көміртек ізін азайту – тек экологиялық емес, сонымен бірге экономикалық міндет. Инновация мен таза энергия негізінде ғана тұрақты өсімге қол жеткізе аламыз», – деді ол.
Ғалым өз баяндамасында шығарындыларды қысқартудың нақты жолдарын ұсынды: энергия тиімділігін арттыру, өндірістік процестерді цифрландыру, сондай-ақ біртіндеп жаңартылатын энергия көздеріне көшу. Ол әсіресе декарбонизация үдерісі мен экономикалық өсімнің арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Римдегі конференцияға тұрақты даму, энергетика және экономика саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары қатысты. Османовтың қатысуы Қазақстан ғылымының халықаралық деңгейде мойындалып отырғанының айқын дәлелі болды.