Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономика және бюджетті жоспарлау мәселелеріне арналған жиын өтті.
Іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиында ұлттық экономиканың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары, сондай-ақ 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері жөнінде баяндамалар ұсынылды.
Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті деңгейде қаржыны тиімді жоспарлау мен бөлудің маңызын атап өтті. Президент бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау, өңірлердің ұзақмерзімді жоспарларын қаржыландыру, сондай-ақ қаражатты мақсатты әрі тиімді бөлу және игеру қажеттігіне ерекше назар аударды.