Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің болашағы, оның ғылым мен технологиядағы орны және қоғамды біріктірудегі рөлі туралы сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған нақты тапсырмалар беріп, ұлттық рухани мұраны цифрлық кеңістікте сақтау қажеттігін атап өтті.
Президент ана тілі мәселесінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар екенін айтты. Оның сөзінше, қазақ тілінің мәртебесі елдің экономикалық қуатымен, ғылыми әлеуетімен және халықаралық беделімен тығыз байланысты.
Қазақ тілінің қоғамдағы орны нығайып келеді
Мемлекет басшысы қазақ тілінің білім беру мен мәдениет салаларындағы қолданысы кеңейіп келе жатқанын нақты деректермен көрсетті.
Биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да мемлекеттік тілде білім алуға мүмкіндік артып отыр.
Қазақ тіліндегі мәдени өнімдердің үлесі де ұлғайған. Өткен жылы жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылса, биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і мемлекеттік тілде жарыққа шыққан.
Президент бұл көрсеткіштерді қоғамда қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанының белгісі ретінде бағалады. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің болашағына күмәнмен қараудың негізсіз екенін жеткізді.
Қазақ тілі жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
Құрылтайдағы басты мәселелердің бірі қазақ тілін заманауи технологиялар мен жасанды интеллект жүйелеріне кеңінен енгізу болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев OpenAI компаниясының зерттеуіне сүйеніп, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына қосылғанын мәлімдеді.
Yandex компаниясының мәліметінше, оның қазақ тіліндегі өнімін пайдаланушылар саны бір жылда 30 пайызға артқан. Ал Google қазақ тілін Gemini жасанды интеллект моделіне енгізген.
Президент бұл жетістіктермен шектелмей, қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыруды тапсырды. Осы мақсатта кітаптар, мерзімді басылымдар, тарихи құжаттар, аудио және бейнежазбалар, мұрағаттар мен мұражайлардағы материалдар цифрлық форматқа көшірілуі тиіс.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің ғылым мен өндірісте кеңінен қолданылуына да басымдық берді. Әсіресе медицина, инженерия, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар салаларына арналған сапалы оқу құралдары мен ғылыми еңбектерді көбейту қажеттігін айтты.
Қазақ тілінің емле ережелері жаңартылады
Президент мемлекеттік тілдің дамуына кедергі келтіретін мәселелердің бірі ретінде сөздер мен терминдердің әркелкі қолданылуын атады.
Қазіргі қолданыста кейбір ұғымдардың бірнеше нұсқада жазылуы тілдік бірізділікке нұқсан келтіріп отырғанын атап өткен Мемлекет басшысы орфографиялық сөздікті жаңартуды тапсырды.
Оның айтуынша, ресми түрде бекітілген қазақ тілінің орфографиялық сөздігі 1983 жылы жарық көрген. Кейін бірнеше сөздік басылғанымен, олардың мемлекеттік деңгейде бекітілген мәртебесі жоқ.
Осыған байланысты қазақ тілінің емле жүйесін ғылыми тұрғыдан реттеу жұмысы келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның қызметін Президент Әкімшілігі үйлестіреді.
Сонымен бірге қазақ тілінің халықаралық қолданысын кеңейту мақсатында шет тілдерімен жаңа сөздіктер әзірлеу ұсынылды. Президент француз, испан, қытай, араб, неміс, итальян, жапон, корей және парсы тілдерімен сөздіктер жасаудың маңызын атап өтті.
Мемлекеттік тіл ел бірлігін нығайтуы тиіс
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамыту мәселесінде қоғамдағы өзара құрмет пен татулықты сақтаудың маңызына ерекше назар аударды.
Президент мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдерінің еңбегін жоғары бағалап, қазақ тілін үйренуге ниетті азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін жеткізді.
Осы бағытта жаңа оқыту әдістемелерін, цифрлық оқу құралдарын, балаларға арналған танымдық фильмдер мен ойындарды көбейту ұсынылды.
Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту басқа тілдердің қолданысын шектеу дегенді білдірмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, тіл мәселесі қоғамды бөлудің емес, азаматтарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірудің құралы болуы қажет.
Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді
Құрылтайда Президент елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына қатысты ауқымды жоспарларды да жариялады.
Мемлекет басшысының айтуынша, 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болады. Осы кезеңде «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар бой көтереді.
Атап айтқанда, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, кітапханалар, спорт кешендері, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар мен әуежайлар салу көзделген.
Бағдарламаны қаржыландыру үшін алдағы үш жылда Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді. Қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын арнайы комиссия қадағалайды.
Президент бұл бастаманың өңірлердің дамуына серпін беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін айтты.
«Дала орманы» жобасы кеңейтіледі
Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырып жатқан «Дала орманы» жобасына да тоқталды.
Президенттің мәліметінше, ұйым серіктестерімен бірге бір жылдың ішінде 400 гектар жерге 5 миллион ағаш отырғызған. Соның нәтижесінде үш облыста төрт ірі орман питомнигі құрылған.
Алдағы уақытта ауылдардың маңында 25 гектар, аудан орталықтарының жанында 50 гектар, ал ірі қалалардың төңірегінде 100 гектар аумақта көшет өсіретін саябақтар ашу жоспарланған.
Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдап, Үкімет пен әкімдіктерді жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Жобаның арқасында Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар екені айтылды.
Құрылтай қорытындысында Президент қазақ тілінің болашағы мемлекеттік мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Ол мемлекеттік тілдің ғылымда, білімде, мәдениетте және күнделікті өмірде кеңінен қолданылуы елдің дамуы мен ұлттық бірлігін нығайтудың маңызды шарты екенін жеткізді.