Қазақстан нарығына ірі араб банкі кіреді

Автор Асан Джалилов
46 просмотры

Қазақстанда жаңа шетелдік банк ашылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаржы институттарының бірі — Abu Dhabi Commercial Bank PJSC-ке елімізде еншілес банк құруға ресми рұқсат берді.

Бұл шешім Мемлекет басшысының банк секторындағы бәсекелестікті күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданған. Сонымен қатар бұл — қаржы саласын ырықтандыру және халықаралық сенімді банктерді тартуға бағытталған реформалардың нақты нәтижесі.

Abu Dhabi Commercial Bank — Таяу Шығыстағы жетекші банктердің бірі. Оның негізгі акционері Абу-Даби үкіметіне тиесілі Mubadala инвестициялық компаниясы болып табылады. Бұл банктің тұрақтылығы мен сенімділігін қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады. Қаржы институты халықаралық рейтинг агенттіктерінен жоғары бағалар алған және ірі капитал мен активтерге ие.

Жаңа құрылатын банктің жалғыз акционері ретінде ADCB әрекет етеді. Бас банк Қазақстан заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды қалыптастырып, стратегиялық басқару мен операциялық қолдауды толық қамтамасыз етеді.

Жоспарға сәйкес, жаңа банк қаржылық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Сонымен қатар «ислам терезесі» қағидаты арқылы исламдық қаржыландыру құралдарын дамыту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде қаржы нарығында баламалы өнімдердің қолжетімділігін арттырады.

Универсалды банк лицензиясын алу ішкі инфрақұрылым толық дайын болғаннан кейін жүзеге асады. Қазіргі таңда барлық ұйымдастырушылық және техникалық жұмыстар жүргізілуде.

Агенттік тиісті өтінімдерді қарап, арнайы қаулылар арқылы еншілес банк ашуға, банк холдингі мәртебесін алуға және ұйым құруға келісім бергенін мәлімдеді.

Жаңа банктің нарыққа келуі Қазақстанның қаржы секторында бәсекелестікті күшейтіп, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл халықаралық инвестиция тартуға да оң әсерін тигізеді.