Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несиелердің берілу қарқыны төмендеп жатыр. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл жағдай инфляциялық қысымды азайтуға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып отыр.
Реттеушінің айтуынша, инфляцияның бәсеңдеуіне бірнеше экономикалық жағдай әсер етуде. Олардың қатарында қатаң ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, артық өтімділіктің қысқаруы және банктер үшін ең төменгі резервтік талаптардың кезең-кезеңімен ұлғаюы бар.
Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық банктің антиинфляциялық шаралары да бағаның өсуін тежеуге ықпал етті. Атап айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасын көтеруге енгізілген мораторий маңызды рөл атқарды.
Соңғы мәлімет бойынша, 2026 жылдың ақпан айында Қазақстандағы жылдық инфляция 11,7 пайызды құрады. Бұл қаңтардағы 12,2 пайызбен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Қазіргі болжам бойынша, биыл инфляция 9,5–11,5 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде.
Ұлттық банк алдағы уақытта ішкі сұраныс пен несие беру динамикасын бақылауды жалғастырады. Егер инфляция тұрақты түрде төмендей берсе, 2026 жылдың екінші жартысында ақша-кредит саясатын жұмсарту мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.
Қазіргі кезде базалық мөлшерлеме жылдық 18 пайыз деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен белгіленген. Реттеушінің болжамынша, 2027 жылы инфляция 5,5–7,5 пайызға дейін төмендеп, 2028 жылы шамамен 5 пайыздық мақсатты деңгейге жақындайды.