Биыл Қазақстанда өнеркәсіп саласында ауқымды өндірістік серпін күтіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы 200 жоба іске асырылып, шамамен 19,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Өткен жылы елде 190 жаңа өнеркәсіп нысаны пайдалануға берілген болатын. Ал биылғы жоспар аясында жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – бұл бағытта 186 өндіріс іске қосылады.
Салалық бөліністе түсті металлургия көш бастап тұр – 39 жоба. Құрылыс материалдарын өндіру саласында 28 жоба, химия өнеркәсібінде 21 жоба жүзеге асады. Резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару – 16, тамақ өнеркәсібі – 13, қағаз өндірісі – 11, мұнай-газ химиясы мен жеңіл өнеркәсіпте – 9 жобадан жоспарланған. Сонымен қатар жиһаз, ағаш өңдеу, қара металлургия және фармацевтика бағыттарында да жаңа өндірістер ашылады.
Басқа салаларда 14 жоба іске қосылады. Оның ішінде энергетикада – 6, тау-кен өнеркәсібінде – 5, ал қалдықтарды жинау мен қайта өңдеу саласында 3 жоба жүзеге асырылады.
Жоспарланған өндірістер ел экономикасының әртараптандырылуына, өңдеу секторын күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.