Ішкі сауда айналымы 80 трлн теңгеге жетті

Автор Бакыт Кулманов
101 просмотры

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын ашты. Жиында 2025 жылдың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды barbang.info

Өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда саласы еліміздің жалпы экономикалық өсімінің 26 пайызын қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш саланың экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Ішкі тауар айналымы 80 трлн теңгеге жетті. Салаға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Шикізаттық емес экспорт 41 млрд АҚШ долларын құрады. Қызметтер экспорты 3,7 пайызға өсіп, 12,3 млрд долларға жетті.

Серік Жұманғариннің айтуынша, сауда өндіріс, бизнес және тұтынушы арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етіп, экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалайды. Оның сөзінше, негізгі міндет – қол жеткізілген қарқынды сақтап қана қоймай, сауда жүйесін тиімділік пен бәсекеге қабілеттіліктің жаңа сапалы деңгейіне көтеру. Министрлік реттеуші орган рөлінен белсенді даму драйверіне айналуы тиіс. Бұл үшін көтерме және бөлшек сауда айналымын ұлғайту, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету, «өндірушіден – сөреге дейінгі» тізбекті қысқарту, экспорт көлемін арттыру және сауданы көлеңкелі айналымнан жүйелі түрде шығару қажет.

Алқа отырысында елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін құрылымдық өзгерістер мен ауқымды реформаларды түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы да айтылды. Қатысушылар жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға белсенді қатысуға шақырылды.

Мемлекет басшысының инфляция деңгейін экономикалық тұрғыдан негізделген шекке дейін төмендету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне қысқа мерзім ішінде ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен толық қамту бойынша нақты шаралар әзірлеу міндеті жүктелді.

Сауда және интеграция министрлігінің негізгі міндеті – осы жобалар шеңберінде өндірілетін өнімнің кепілді сатылымын қамтамасыз ету. Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдау, биржалық сауданы дамыту, салалық үдерістерді цифрландыру және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын арттыру бағытындағы міндеттер де айқындалды.