Михаил Шайдоров — Олимпиада чемпионы!

Автор Бакыт Кулманов
20 просмотры

Алматылық спортшы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында топ жарып, ерлер арасындағы жекелей сайыста Олимпиада чемпионы атанды.

Қысқа бағдарлама қорытындысында Михаил Шайдоров 92,94 ұпай жинаса, еркін бағдарламада жоғары техникалық күрделілікті, мінсіз сырғанауды және нағыз чемпионға тән рухты көрсетіп, 198,64 ұпай еншіледі. Екі бағдарлама нәтижесі бойынша спортшы 291,58 ұпай жинап, Олимпиада тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Михаил Шайдоров — Қазақ спорт және туризм академиясының студенті. Оның Олимпиададағы жеңісі Қазақстан спорты тарихындағы аса маңызды жетістіктердің бірі ретінде бағалануда. Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш рет Олимпиада алтын медалін иеленіп отыр. Сонымен қатар, бұл — қысқы Олимпиада ойындарындағы 32 жылдық үзілістен кейінгі еліміздің алтын жүлдесі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада чемпионын тарихи жеңісімен құттықтап, оның ел намысын абыроймен қорғағанын атап өтті. Президенттің шешімімен Михаил Шайдоров спорт саласындағы ерен еңбегі үшін II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Мамандардың пікірінше, бұл жеңіс — спортшының ұзақ жылғы табанды еңбегінің, жүйелі дайындықтың, жаттықтырушылар штабының кәсіби жұмысының және мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдаудың нәтижесі. Олимпиада аренасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, көк Туымыздың көтерілуі ел спортындағы тарихи сәттердің бірі болды.

Комментарии