Шағын бизнеске жаңа талаптар ұсынылды: мемлекеттік қолдау мен отандық өнімге басымдық күшейтілмек

Автор Асан Джалилов
52 просмотры

Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу туралы жобаны қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 20 ақпанға дейін талқыланады. Ұсынылып отырған түзетулер шағын және орта бизнесті нақты қолдауды күшейтіп, қазақстандық өндірісті дамытуға бағытталған.

Жоба аясында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер үшін бірқатар қарсы міндеттемелер енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, сауда нысанына байланысты несиенің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланған немесе кепілдік берілген жағдайда, кәсіпкер бір жыл ішінде жалдау құнын көтере алмайды. Бұл шара жалға алынған сауда алаңдарында жұмыс істейтін шағын бизнес субъектілері үшін шығындарды тұрақтандыруға және қызметті ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген жаңа отандық брендтердің өнімдерін сауда орындарының сөрелеріне жеңілдетілген шарттармен орналастыру ұсынылып отыр. Мұндай мүмкіндік өндірушінің жазбаша өтініші негізінде кемінде үш ай мерзімге беріледі. Бұл жаңа брендтердің нарықта танылуына және сатылым арналарын кеңейтуге ықпал етпек.

Жобаға сәйкес айналым қаражатын толықтыру кезінде кәсіпкерлерге тауарлар мен шикізатты қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енген компаниялардан сатып алу талабы енгізіледі. Бұл ішкі кооперацияны дамытуға, жергілікті жеткізу тізбектерін нығайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған.

Министрлік ұсынылған өзгерістер шағын бизнеске жүйелі қолдау көрсетіп, отандық өнімдердің үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ішкі нарықтағы қазақстандық брендтердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп есептейді. Жобаны талқылау 20 ақпанға дейін жалғасады және барлық мүдделі тараптар қоғамдық талқылауға қатыса алады.