«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына бөлінетін қаражат 2026 жылы айтарлықтай ұлғаяды

Автор Асан Джалилов
27 просмотры

2026 жылы «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артпақ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешімге бағдарламаның биылғы жоғары нәтижелері мен тұрғын үй құрылысы көлемінің жоспардан асыра орындалуы негіз болған.

Жыл басынан бері елде шамамен 17 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сала өкілдерінің болжамынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 19 миллион шаршы метрден асады. Бұл өткен жылмен шамалас нәтиже. Құрылыс қарқынының артуы тұрғын үйге деген сұранысты қанағаттандырумен қатар, ипотекалық бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Биыл «Наурыз» бағдарламасына 200 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, Отбасы банк келесі жылы бұл көлемді 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бағдарлама аясындағы «Наурыз жұмыскер» бағыты да оң нәтиже көрсеткен. Жүргізілген талдау қарыз алушылардың 60 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар екенін анықтаған.

Сонымен бірге сала мамандары тұрғын үй құрылысы тек көлеммен емес, сапалы урбанистикалық жоспарлаумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтеді. Салынатын үйлердің орналасу аймағы, инфрақұрылыммен қамтылуы және болашақта нарықтағы сұранысы маңызды факторлар ретінде қарастырылуы қажет.

Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылы жаңа ипотекалық бағдарламалар енгізу жоспарланбаған. Себебі қазіргі таңда нарықта әлеуметтік осал топтарға арналған тетіктер, «Наурыз» бағдарламасы және Отбасы банктің басқа да қолданыстағы өнімдері жеткілікті. Осыған байланысты мемлекет жаңа ипотекалық бастамаларды қолға алуды көздеп отырған жоқ.

Комментарии