Қазақстанда 117 мың бала мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі дертке шалдыққан

Автор Асан Джалилов
8 просмотры

Қазақстанда түрлі ауруларға шалдыққан және мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 117 мыңға жетті. Оның ішінде 14 мыңға жуық бала аутизм спектрі бұзылыстарымен тіркелген. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мәжілістегі отырыс барысында айтты.

Вице-премьердің дерегінше, елімізде жалпы 6,8 миллион бала бар. Арнайы қолдауды қажет ететін балаларға медициналық және оңалту көмегін Денсаулық сақтау министрлігі көрсетеді. Қазіргі таңда ел бойынша шамамен 80 оңалту орталығы жұмыс істейді, олардың жалпы қуаттылығы 4 130-дан астам төсек-орынды құрайды. Алайда Бозымбаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш сұранысты толық жаба алмайды.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов өңірлерде оңалту мекемелерінің жетіспеуі ата-аналарды Астана мен Алматыға көшуге мәжбүрлеп отырғанын, бұл өз кезегінде әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ салып, баспана кезегін ұзартып жатқанын атап өтті.

Қанат Бозымбаев алдағы екі жыл ішінде Ұлттық оңалту орталығының филиалдарын Қостанай мен Ақтауда ашу жоспарланғанын жеткізді. Кейін халық саны көп өңірлерде де жаңа орталықтар кезең-кезеңімен іске қосылмақ.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі ерте араласу орталықтарының жұмысын кеңейтіп жатыр. Бұл орталықтарда бір жастан үш жасқа дейінгі балаларға даму бұзылыстарының түрлі түрлері бойынша көмек көрсетіледі. Вице-премьердің айтуынша, аталған бағыт тұрақты бақылауда, қолдау шаралары алдағы уақытта да күшейтіледі.

Комментарии