Сулейманов Чучо Усенұлы 1944 жылы Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келді. Оның ата-анасы — күрд этносының өкілдері, 1937 жылы Әзербайжаннан өзге де мыңдаған ұлттармен бірге Қазақстанға депортацияланған тағдырлы жандар еді. Сол ауыр тарих, тағдырдың тәлкегі мен өмірдің сынақтары Чучо Усеинұлының болмысын қалыптастырып, оған қажырлық пен табандылық, адалдық пен еңбекқорлық секілді қасиеттерді дарытты.
Орта білімін Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданына қарасты ХХ съезд атындағы кеңшардағы С. Ерубаев атындағы мектепте аяқтағаннан кейін, жас талапкер Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, орыс тілі мен әдебиеті мамандығын меңгеріп шықты. Ұстаздықты өмірлік мұрат санаған Чучо Усенұлы 1966 жылы Алғабас ауданының Сарыбұлақ ауылында алғашқы еңбек жолын бастап, аз ғана уақыттың ішінде оқушыға мейіріммен қарайтын, жауапкершілігі зор, білімді жас мұғалім ретінде танылды. 1971 жылы Октябрь сегізжылдық мектебіне ауысып, педагогикалық қызметін жалғастырды. Осы жылдары Алғабас аудандық газетінің жас тілшісі ретінде жергілікті оқиғаларды жариялап, қоғам өміріне белсенді араласты.
1983 жылдан бастап отбасы жағдайына байланысты Алғабас ауданы, Боралдай ауылдық округіндегі Түйетас ауылына қоныс аударып, жаңадан ашылған бастауыш мектептің директоры қызметіне тағайындалды. Бұл кезең — ел ішінде әлеуметтік қиындықтар күшейген, көптеген білім ошақтары жабылып, мұғалімдер тапшылығы сезілген, идеологиялық және экономикалық дағдарыс тұсы болатын. Осындай сындарлы шақта Чучо Усенұлы мектептің жұмысын тоқтатпай, ауыл балаларының білім алуына жағдай жасау үшін бар ынта-жігерін жұмсады.
1989 жылы Түйетас ауылында жаңадан бой көтерген мектептің ашылуына тікелей бастамашы болып, оның материалдық-техникалық базасының қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Сол жылдан бастап 1998 жылға дейін Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектептің директоры болып қызмет атқарды. Кеңес Одағы ыдырап, ел тәуелсіздікке қадам басқан ауыр кезеңде ол білім ошағын сақтап қана қоймай, ұстаздар ұжымын біріктіріп, ауылдағы оқу-тәрбие ісін үздіксіз жүргізіп отырды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік ұстанымы, мұғалімдерге қамқорлығы және балаларға деген шексіз жауапкершілігі ауыл халқының алғысына бөленді.
Еңбегі де лайықты бағаланды. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласқаны және білім саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін ол Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің Құрмет грамотасы да оның ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегінің айғағы болды. Бұған қосымша, кеңестік кезеңде аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталып, ұстаздар қауымының алдында беделі арта түсті. 2007 жылы аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ тарапынан арнайы алғысхатпен марапатталуы оның өңірдегі ағарту ісіне қосқан үлесінің бір белгісі еді.
2007 жылы зейнеткерлікке шығып, сол жылы қасиетті Меккеге барып, үлкен қажылық сапарын өтеп қайтты. Өмірінің соңғы кезеңінде ел арасында абыройлы ақсақал ретінде құрметтеліп, ауылдың рухани-тәрбиелік өміріне араласып жүрді. 2008 жылдың 8 маусымында дүниеден өтті.
Сулейманов Чучо Усенұлы ұрпақ тәрбиесіне де ерекше мән берген жан болды. Оның жары Нубар Усенқызы – сабырлы мінезімен, кеңпейілділігімен, имандылығымен ауыл-аймаққа сыйлы абзал ана. Ол қажылық парызын өтеп, бірнеше рет қассиетті Меккеге барған, бүгінде әулеттің ақылманы, өмірлік тәлім-тәрбиесін балалары мен немерелеріне аманат етіп отырған қадірлі жан. Нубар Усенқызы өзінің мейірімділігімен, парасатымен, шаңырақтың беріктігін сақтап, ұрпағын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарды.
Отбасындағы тәрбиенің дұрыс берілуінің нәтижесінде балалары да елге сыйлы азамат болып қалыптасты. Ұлдары Жамал мен Камал ауылдың рухани өмірінде маңызды рөл атқарып, Түйетас мешітінің салынуына бастамашы болды: Жамал – мешіттің бас имамы, Камал – наиб имам ретінде қызмет атқарып келеді. Кенже ұлы Зауал он бес жылдан астам география пәнінің мұғалімі болып, ұстаздық жолды жалғастырды. Қызы Зарқалам жиырма жылдан аса бастауыш сынып оқушыларын тәрбиелеп, ауылдағы беделді ұстаздардың біріне айналған. Шайсанам мектептің техникалық қызметкері ретінде білім ордасының тіршілігіне үлес қосып жүр. Тахмина мен Сисан ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген. Бүгінде олар кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесін отбасы мен бала тәрбиесіне арнап, шаңырақтың берекесін арттырып отыр.
Сулейманов Чучо Усенұлы — Түйетас ауылындағы білім беру ісінің негізін қалаушылардың бірі. Оның жарқын бейнесі, адамгершілік қасиеті, жолында кездескен сан алуан қиындықтарға мойымай, ұрпаққа білім берген адал еңбегі ел жадында мәңгі сақталады. Оның өмір жолы — ұстаздықтың қадірін биік қойған, бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің ағарту ісіне елеулі үлес қосқан нағыз парасатты тұлғаның ғұмырнамасы.
Асан Джалилов
JIYANA KURD газетінің бас редакторы
Флид Маханбет
Бәйдібек ауданы, Түйетас ауылы, Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімі
