Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте мемлекеттік органдарды бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын атап өтіп, Парламент пен Үкіметтің бюджет-салық реформаларын бірлесіп жүзеге асырып жатқанын айтты. Ол Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуы барлық мемлекеттік құрылымның үйлесімді жұмысына байланысты екенін жеткізді.
Сенат басшысы парафискалдық төлемдерге қатысты пікіріне орай қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, бюджеттің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету бағытында Үкіметпен бірлескен жұмыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, Сенат пен Үкімет арасында ешқандай қайшылық жоқ:
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет пен салық салаларын реформалау жөнінде ортақ тапсырма берді. Біз Үкіметпен бірге командалық жұмыс жүргізіп жатырмыз. Егер қандай да бір мәселе туындаса, оны дер кезінде көтереміз. Парафискалдық төлемдер мәселесі бүгін ғана қозғалған жоқ — депутаттар бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Қазір жүргізіліп жатқан реформаларға байланысты оған қосымша назар аударылып отыр, — деді ол.
Сондай-ақ Сенат төрағасы келесі жылдан бастап Парламент пен Үкімет парафискалдық төлемдердің тиімділігін бағалайтын кешенді жұмысты бастайтынын айтты. Бұл міндет жаңа Бюджет кодексінде бекітілген.
— 2026 жылдың қаңтарынан бастап Үкімет парафискалдық төлемдерді тексеруге кіріседі. Барлық төлемдер қайта қаралады: тиімділігі, ашықтығы, қолданылуы. Осы талдаудың нәтижесі негізінде бюджет және салық саясатына қатысты жаңа шешімдер қабылданады. Үкімет те, Парламент те бюджет қаржысының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мүдделі. Сондықтан мемлекеттік органдарды бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Бәріміз Президент тапсырмалары аясында бірге жұмыс істейміз, — деді Мәулен Әшімбаев.