7 жыл ішінде азаматтықтан шығу туралы өтініштер саны 25 есе азайды — Ерлан Қарин

Автор Асан Джалилов
1 просмотры

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалық етті. Отырыс барысында азаматтыққа қабылдау және азаматтықтан шығу мәселелері қаралды.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан бас тарту көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Соңғы жеті жылды қамтитын статистика бұл үрдістің тұрақты түрде сақталып келе жатқанын көрсетеді.

Ерлан Қариннің мәліметінше, азаматтықтан шығуға берілетін өтініштер саны 2019 жылы 1,7 мың адамды құраса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп азайған. 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77 адам азаматтықтан шыққан. 2025 жылы бұл сан 68 адамға дейін төмендеген. Осылайша, жеті жыл ішінде азаматтықтан шығуға ниеттілер саны 25 есеге азайған.

Мемлекеттік кеңесші бұл динамиканы Қазақстан азаматтығы институтының беделі артып келе жатқанымен байланыстырды. Елдегі саяси тұрақтылық, экономикалық даму қарқыны және Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалар азаматтардың болашаққа деген сенімін күшейтіп отыр.

Комментарии