Қазақстанда 2025 жылы мемлекеттік жәрдемақылар мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін төлемдер арқылы баланың дүниеге келуіне және 1,5 жасқа дейінгі күтіміне байланысты 508 мың адам қамтылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жалпы төлем көлемі 692 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері бала туғанда берілетін жәрдемақыны 286 мың адам алып, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 51,7 млрд теңге бөлінді. Тек қазан айының өзінде 28,5 мың азаматқа 5,2 млрд теңге төленген.
Бала тууына арналған бұл жәрдемақыны Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ елде тұрақты тұратын шетелдіктер ала алады. Егер ата-ананың бірі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаса, бала туған, асырап алған немесе қорғаншылыққа алған жағдайда да жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 124,7 мың адам бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім үшін 36,4 млрд теңге көлемінде төлем алған. Қазан айында бұл көрсеткіш 126,8 мың адамды қамтып, 3,7 млрд теңгені құрады.
Жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өзгеруіне байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап төлемдер 6,5%-ға индекстелді.
Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
• 1–3-балаларға – 38 АЕК (149 416 теңге);
• 4 және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (247 716 теңге).
Бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем мөлшері:
• бірінші балаға – 22 648 теңге;
• екінші балаға – 26 777 теңге;
• үшінші балаға – 30 866 теңге;
• төртінші және одан кейінгі балаларға – 34 995 теңге.
Жұмыс істейтін азаматтар үшін жүктілік, босану және жаңа туған баланы асырап алу кезінде МӘСҚ есебінен төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша барлық күндерге тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдар негізінде есептеледі. Биыл осы біржолғы төлем 175,1 мың адамға беріліп, жалпы сомасы 245,3 млрд теңгені құрады. Қазан айында 17,8 мың адамға 17,4 млрд теңге төленді. Орташа төлем мөлшері 1 457 321 теңге болды.
МӘСҚ-дан бала 1,5 жасқа толғанға дейін кірістен айырылу жағдайына байланысты берілетін ай сайынғы төлем 208,2 мың адамға тағайындалды. Оның көлемі соңғы екі жылда төленген әлеуметтік аударымдар негізінде есептелетін орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. Қазан айында осы бағыт бойынша 18,8 мың алушыға 34,5 млрд теңге төлем берілген. 10 айдағы орташа айлық төлем – 86 493 теңге.