Қазақстанның алты өңірінде қазан айында баға өсімі күшейді

Автор barbang info
3 просмотры

Қазақстанда қазан айының қорытындысы бойынша инфляциялық ахуал әркелкі өрбіді. Ұлттық банктің хабарлауынша, жылдық инфляция 12,6%-ға жетіп, қыркүйектегі 12,9%-бен салыстырғанда сәл төмендегенімен, бірқатар өңірлерде баға өсімі керісінше жеделдеген. Ел бойынша 10 өңірде инфляция деңгейі баяуласа, алты облыста баға өсуінің қарқыны артқан, ал төрт өңірде көрсеткіш өзгеріссіз қалған.

Азық-түлік тауарлары қазан айында жылдық есеппен 13,5%-ға қымбаттап, қыркүйектегі 12,7%-дан жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл топтағы ең жоғары баға өсімі Ұлытау облысында байқалды – 16,7%, ал Алматы қаласында керісінше ең төмен өсім – 10,4%. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жылдық қымбаттауы 11,0%-ды құрап, Ақтөбе облысында 14% деңгейімен республика бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелсе, Алматыда 8,5% болып, ең төмен мәнге ие болды.

Ақылы қызметтер нарығында да өзгеріс бар: қыркүйектегі 15,3%-дық өсімнен кейін қазанда бұл көрсеткіш 12,9%-ға дейін баяулаған. Қызылорда облысында қызмет бағасының өсімі жалпы республикалық деңгейден төмен болып, 8,6% шамасында қалыптасты. Ұлттық банк қазан айында еліміздегі айлық инфляция 0,5%-ға өскенін мәлімдеді.

Комментарии