2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103,4 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Ресми деректерге сәйкес, аталған кезеңде еліміздің экспорты 57,5 млрд долларды құрап, сыртқы сауданың басым бөлігін қамтамасыз етті. Қазақстан өнімдерінің негізгі импортер елдері қатарында Италия (21%), Қытай (18,8%), Ресей (10,3%), Нидерланд (7,6%), Түркия (4,8%) және Өзбекстан (4,4%) бар.
Экспорт құрылымында ең жоғары үлесті шикі мұнай, мұнай өнімдері, мыс және мыс қорытпалары, радиоактивті элементтер, сондай-ақ кен және мыс концентраттары алып отыр.
Импорт көлемі осы кезеңде 45,9 млрд АҚШ долларына жетті. Шетелден ең көп тауар әкелінетін елдер қатарында Қытай (29,5%), Ресей (29,1%), Германия (4,5%), АҚШ (3,6%), Корея Республикасы (3,6%) және Франция (2,5%) бар.
Импорт құрылымында жеңіл автомобильдер, дәрілік препараттар, көлік құралдарының кузовтары, телефон аппараттары және өнеркәсіптік тауарлар жетекші орынға ие.
Айта кетейік, Үкімет биыл сыртқы сауданы реттеу және ішкі нарықты қорғау бағытында бірқатар шешім қабылдағанын хабарлаған болатын.