Қазақстан Журналистер одағының құрылғанына 66 жыл

Автор Асан Джалилов
3 просмотры

Қазақстан Журналистер одағы (ҚЖО) өзінің 66 жылдығын атап өтуде. Ұйым 1959 жылғы 12–14 қараша күндері өткен Қазақстан журналистерінің бірінші съезінде құрылған. Кейін 2001 жылы сәуір айында қайта тіркелді.

Қазақстан Журналистер одағының тарихы өткен ғасырдың 1920-жылдарынан бастау алады. Тұңғыш съезд барысында «Баспасөз туралы» баяндама жасалып, баспасөздің міндеттері мен бағыттары айқындалған еді. Ол кезде республика аумағында орыс тілінде 16, қазақ тілінде 12 және ұйғыр тілінде бір газет жарық көріп тұрған. Съезд шешімімен баспасөз қызметкерлерінің ұйымы құрылып, оның алғашқы төрағасы болып Тұрар Рысқұлов бекітілді.

Қазіргі таңда Қазақстан Журналистер одағының төрағасы — Сейітқазы Бейсенғазыұлы Матаев.

Одақ — ұлтына, дініне немесе саяси көзқарасына қарамастан, қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелерін әділ әрі жан-жақты көрсетуді мақсат ететін журналистердің кәсіби бірлестігі. ҚЖО баспасөз құралдарына әдістемелік көмек көрсетіп, журналистика мен БАҚ саласын дамытуға арналған симпозиумдар, семинарлар мен конференциялар ұйымдастырып отырады.

Қазақстан Журналистер одағы – елдегі және шетелдегі БАҚ өкілдерімен байланыс орнатып, ақпараттың объективті берілуіне ықпал етеді. Сондай-ақ журналистердің кәсіби дамуы мен әлеуметтік қолдауына да назар аударады, – деді Сейітқазы Матаев.

Бүгінде ҚЖО-ның еліміздің барлық облыстарында бөлімшелері бар. Оның құрамында шамамен 6 мыңнан астам журналист бар. Ұйым халықаралық деңгейде де белсенді жұмыс істейді.

Қазақстан Журналистер одағы «Бір белдеу – Бір жол» бастамасына қатысушы елдердің журналистер қауымдастықтарының ассоциациясының мүшесі. Сонымен қатар ҚЖО Еуразиялық экономикалық одақ пен түркітілдес мемлекеттердің журналистер одақтары бірлестіктеріне де кіреді. Өткен аптада Одақ Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Комментарии