Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның соңғы отыз жыл ішінде елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени модернизациясына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Бүгінде Ассамблея — этносаралық келісім мен азаматтық бірліктің қазақстандық моделін жүзеге асыратын негізгі институт, әрі ұлттық тұтастықты сақтаудың стратегиялық құралы.
Ассамблеяның жүйелі қызметіне мемлекеттік органдар, өңірлік әкімдіктер, этномәдени бірлестіктер, ғылыми-эксперттік топтар, жастар клубтары, «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі» және азаматтық сектордың түрлі өкілдері қатысады. Бұл құрылымдар өңірлік даму мен қоғам тұрақтылығына тікелей ықпал етеді.
Өңірлердің тұрақты дамуы контексінде этномәдени бірлестіктер әлеуметтік-экономикалық процестерге белсенді араласып келеді. Олар мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарына үлес қосады: экономикалық тұрақтылықты нығайту, отандық өнім өндірісін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық ынтымақты арттыру, жастарды кәсіпке, еңбекке және азаматтық белсенділікке баулу, урбанизация мен өңірлік теңгерім сақталуына ықпал ету. Әр этнос өкілі өз әлеуеті арқылы «ортақ Қазақстандық игілікке» үлес қосады.
Шымкент қаласындағы Ассамблея жанындағы ғылыми-эксперттік топ құрамында 360-тан астам сарапшы және 42 кафедра мамандары жұмыс істейді. Олар этногенез, этникалық тарих, қазіргі этнополитикалық және этномәдени процестерді талдай отырып, қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді зерттейді. Осындай кешенді ғылыми-талдамалық жұмыс мемлекеттік органдармен күнделікті өзара іс-қимылда жүзеге асырылады: құқықбұзушылықтың алдын алу, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, еңбек нарығын дамыту, урбанистика мен экологияны жетілдіру, қала инфрақұрылымын жаңарту, «жасыл белдеу» мен экологиялық мәдениетті дамыту осының дәлелі.
Жастар саясаты — ерекше назардағы бағыт. Жазғы маусымда жас буынды қоғамдық және волонтерлік жобаларға тарту, экологиялық акциялар, ауыл шаруашылығына қолдау көрсету, қала аумағын көгалдандыру және заманауи ІТ-жобаларға (смарт технологиялар, дрондар, цифрлық сервис жүйелері) бейімдеу ұсынылады. «30 күн – Отанға қызмет» секілді мотивациялық әлеуметтік бастамалар жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, ел дамуына нақты үлес қосуына мүмкіндік береді.
Ассамблея қызметінің мақсаты — ортақ тарихи жауапкершілікке негізделген біртұтас қазақстандық азаматтық қауымдастық қалыптастыру. Бұл — әлеуметтік әділдікке, азаматтық келісімге, мәдени әртүрлілікке және экономикалық прогреске сүйенетін тұжырымдамалық бағыт. «Нациеқұрау» үрдісіндегі басты қағида — әр этностың Қазақстанның өркендеуіне жеке үлес қосуы және ортақ болашаққа сенімді қатысуы.
Қорытындылай келе, ҚХА-ның көпдеңгейлі жұмысы елдегі этносаралық татулықты нығайтып қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты серпін беруде. Бұл — Қазақстанның тұрақтылығы мен бірлігінің негізгі кепілі.
Шолпан Торғаутова
«Қоғамдық келісім» КММ жанындағы ғылыми-эксперттік топ мүшесі,
Ассамблея жастары «Жас ғалымдар» клубының жетекшісі, Шымкент қаласы,
«Шаңырақ» ЖОО қауымдастығының мүшесі (Астана),
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Тарих және этнология» ғылыми орталығының жетекшісі, докторант