Тарихи отанына оралған қандастар саны артып келеді

Автор Асан Джалилов
5 просмотры

Астана. 2025 жылғы 29 қазан. Barbang Info – Елімізге этникалық қазақтардың көшуі жалғасып, тарихи отанымен қауышқан қандастардың саны жылдан жылға көбейіп келеді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі. Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың басынан бері 11 012 этникалық қазақ қандас мәртебесін иеленген. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 159 мыңнан астам этникалық қазақ оралды. Биылғы көші-қонның басым бөлігі көрші елдерден жүзеге асты: келгендердің 45,7%-ы Өзбекстаннан, 42,1%-ы Қытайдан, 4,5%-ы Түрікменстаннан, ал қалғандары Ресей, Моңғолия және басқа мемлекеттерден көшіп келген. 2025 жылғы 1 қазанға дейінгі деректер бойынша, еңбекке қабілетті жастағы қандастар үлесі 58,4%, кәмелетке толмағандар 32,8%, зейнеткерлер 8,8% құрайды. Олардың ішінде 15,3%-ы жоғары білімді, 28,4%-ы орта арнаулы, 50,6%-ы жалпы орта білімді, ал 5,7%-ының білімі жоқ екені анықталған. Этникалық қазақтардың негізгі бөлігі еңбек күші тапшылығы байқалатын Ақмола, Абай, Павлодар, Қостанай, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылуда. Биылғы қандастарды қабылдау квотасы 2309 адамды қамтиды, олардың 1725-і белгіленген өңірлерге көшіп келген. Мемлекет тарапынан көмек көрсету шаралары қарастырылған: көшуге арналған 70 айлық есептік көрсеткіш (275,2 мың теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық төлемдерді өтеу үшін 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59–118 мың теңге) қолдау көрсетіледі. Жыл басынан бері 900-ден астам қандасқа түрлі әлеуметтік көмек ұсынылды, олардың 277-сі тұрақты жұмысқа орналастырылған. Министрліктің хабарлауынша, ерікті қоныс аудару бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс берушілерге арналған жаңа институционалдық қолдау тетіктері енгізілген. Тұрғын үй сатып алу немесе ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаны төлеу үшін берілетін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін, яғни бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз берілмек.

Комментарии