Бас прокуратураның хабарлауынша, лазерлік құрылғыларды немесе дрондарды пайдаланып ұшақтың жұмысына кедергі келтіру – ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Мұндай әрекеттер ұшқыштарды уақытша көру қабілетінен айырып, әуе апатына әкелуі ықтимал.
Авиациялық қызметтердің мәліметінше, соңғы алты жылда жолаушылар ұшақтарына қатысты осындай 98 оқиға тіркелген. Ең көп фактілер Алматы халықаралық әуежайында орын алған: егер 2017 жылы 8 жағдай тіркелсе, 2023 жылы олардың саны 30-ға жеткен.
Бұған дейін мұндай заңбұзушылық үшін нақты жауапкершілік қарастырылмағандықтан, кінәлілерді жауапқа тарту қиын болған. Ал 16 шілдеде қабылданған заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске жаңа 352-1-бап енгізілді. Онда әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргендерге қатысты қылмыстық жауапкершілік белгіленген.
Жаза әрекеттің салдарына байланысты:
- айыппұл салу;
- қамауға алу;
- 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.