Жапонияда ел намысын қорғап жүрген кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұл Қазақстанға арнайы келіп, жас балуандармен кездесіп, шеберлік сабағын өткізді. Кездесуге «Qazaqstan Barysy» турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ ұлттық құрама дзюдошылары қатысып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.
Шара барысында спортшылар сумо мен қазақ күресінің техникасындағы ұқсастықтарды көрсетіп, тепе-теңдік сақтау, қарсыластың күшін өзіне қарсы пайдалану, белден асыра лақтыру сияқты әдістердің екі спорт түріне де ортақ екені айтылды. Мамандардың пікірінше, бұл ұқсастықтар дәстүрлі күрес мектептерінің тарихи сабақтастығын айқындайды.
Ерсін Балтағұл өз сөзінде халықаралық деңгейдегі табыстың басты формуласы – еңбек, тәртіп және ұлттық негізден ажырамау екенін атап өтті. Ол кәсіби мансабында қазақ күресі мен дзюдо мектебінде қалыптасқан әдістердің сумода да үлкен пайдасын тигізіп отырғанын айтып, жас спортшыларды табандылыққа, тұрақты дайындыққа және ұлттық спорт дәстүрін сақтауға шақырды.
Кездесу соңында спортшыға ұлттық дәстүр бойынша шапан жабылып, естелік сый табысталды. Мұндай тағылымды кездесулер жас балуандардың мотивациясын арттырып, ұлттық күрес мектебінің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Жалпы, Ерсін Балтағұлдың Жапониядағы жетістігі – жеке спортшының ғана емес, қазақ күресі мектебінің әлеуетін көрсететін маңызды нәтиже. Осындай тәжірибе алмасу кездесулері жалғаса берсе, қазақ күресі мен жапон сумосы арасындағы байланыс одан әрі күшейіп, жаңа буын спортшылардың кәсіби деңгейі арта түсері анық.