Мәнерлеп сырғанаудан АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен Гран-при кезеңінде қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров ел тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізді. Қысқа бағдарламадан кейін үшінші орында тұрған отандасымыз еркін бағдарламада жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте күміс жүлдегер атанды.
Шайдоров екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 251,09 ұпай жинап, турнирдің екінші сатысына көтерілді. Бірінші орын француз спортшысы Кевин Эймозға (253,53 ұпай), үшінші орын жапондық Казуки Томоноға (245,57 ұпай) бұйырды.
Бұл жетістік Михаил Шайдоровты Қазақстан тарихында Гран-при пьедесталына екі рет көтерілген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы ретінде тіркейді. Спортшының еншісінде қазір Гран-при сериясының жалпы есебінде 24 ұпай бар.
Қазіргі таңда Шайдоров маусымдық рейтингте үшінші орында келеді. Егер ол үздік алтылықтағы орнын сақтай алса, маусым қорытындысы бойынша өтетін Гран-при финалына жолдама алады.