Қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин Халықаралық бокс Даңқ залына ресми түрде енгізілді. Бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық спортшы, деп хабарлады Ұлттық олимпиадалық комитет.
ҰОК таратқан ақпаратта Головкиннің әуесқой бокстағы алғашқы қадамдарынан бастап, XXI ғасырдағы орта салмақтың ең мықты чемпиондарының біріне айналған жолы ерекше атап өтіледі. Оның кәсіби мансабы әлемдік бокс тарихында айрықша із қалдырды.
Головкин — орта салмақтағы бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы:
WBA (2010–2018, 2022–2023), IBF (2015–2018, 2019–2023), IBO (2011–2018, 2019–2023), сондай-ақ WBC және The Ring тұжырымы бойынша чемпиондық белбеулердің иегері. Ол 21 рет чемпиондық атағын сәтті қорғап, орта салмақтағы рекорд орнатқан.
Спортшының жетістіктері қатарында:
– Қазақстанның жеті дүркін чемпионы;
– 2000 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының алтыны;
– Шығыс Азия ойындарының (2001) және Азия ойындарының (2002) жеңімпазы;
– Афина-2004 Олимпиадасының күміс жүлдегері;
– Орта салмақтағы ең жоғары нокаут пайызын көрсеткені үшін Гиннес рекорды (91,67%);
– «Бокс аңызы» премиясының лауреаты (2018).
Головкин мемлекеттік марапаттарға да ие: «Барыс» I дәрежесі (2025), «Парасат» ордені (2011), «Құрмет» ордені (2004), «Еңбектегі үздігі» медалі (2002) және «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі үздік қызметі үшін» медалі (2019).
Профессионалдық рингте ол 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті (37 нокаут), екі рет жеңіліп, бір рет тең түскен.
Головкиннің Даңқ залына енгізілуі — қазақ спортының тарихындағы айтулы оқиға және Қазақстанның әлемдік бокс аренасындағы орнының тағы бір дәлелі.