2026 жылы Алматы спортшылары халықаралық деңгейдегі басты жарыстарға тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Соның ішінде ең маңыздысы – XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен Жазғы Азия ойындары. Алматы қаласының спорт басқармасы қазіргі таңда қала атынан Қысқы Олимпиадаға қатысуға 6 лицензия бар екенін хабарлады. Байрақты бәсеке 6–22 ақпан аралығында Италияда өтеді.
Алматыдан Олимпиадаға жолдама алған спортшылар қатарында мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров бар. Коньки спортынан Евгений Кошкин, ал тау шаңғысынан Александра Скороходова мен Ростислав Хохлов қысқы ойындарда ел намысын қорғайды. Бұл – Алматы спорты үшін үлкен жетістік әрі алдағы Олимпиадада жоғары нәтиже күтуге мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Сонымен бірге шаңғымен трамплиннен секіру спортынан Илья Мизерных пен Данил Васильев тағы алты лицензияға үміткер болып отыр. Бұл бағыттағы ресми шешім 22 қаңтар күні белгілі болады. Егер оң нәтиже шықса, Алматыдан Олимпиадаға қатысатын спортшылар саны тағы да артуы мүмкін.
Алматы спортшылары бұнымен ғана шектелмейді. Қазір Жапонияның Айти префектурасында, Нагоя қаласында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін Жазғы Азия ойындарына да белсенді дайындық жүріп жатыр. Қала атынан 23 спорт түрі бойынша 79 спортшы қатысады деп жоспарланған.
Оқу-жаттығу жиындары Еуропа, Азия елдері мен АҚШ аумағында өтіп жатыр. Команданың басты мақсаты – алдыңғы Азия ойындарындағы нәтижеден асып түсу және спортшыларды 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына сапалы дайындау.