Алматы. 22 қазан 2025 жыл. Barbang Info –Алматыдағы Орталық стадионда өткен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ойында «Кайрат» пен Кипрдің «Пафос» командасы тең түсті. Есеп — 0:0.
Кездесудің басынан бастап алматылықтар белсенді әрекет етті. Ойынның төртінші минутында «Пафос» ойыншысы Жоау Коррея Луиш Матаға қарсы дөрекі әрекет жасап, алаңнан қуылды. Бұл эпизодтан кейін «Кайрат» допқа иелік етуде басымдық танытып, бірқатар қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Алайда бірінші таймда есеп ашылмады.
Қонақтар қорғанысқа жабысып, қарымта шабуыл арқылы бақ сынады. Бір сәтте қақпашы Темірлан Анарбеков өз шеберлігін көрсетіп, қарсыластың нақты соққысын қайтара білді. Оның сенімді ойыны «Кайратты» бірнеше рет голдан құтқарып қалды.
Екінші таймда «Кайрат» шабуылды күшейтіп, қорғаушы Еркін Тапаловтың орнына Азамат Тұякбаевты алаңға шығарды. Қос тарап алма-кезек шабуылдады. Офри Арад айып алаңына еніп, қауіпті соққы жасады, бірақ доп маңдайшаға тиді.
Ойын соңына дейін екі команда да жеңіс үшін барын салды. Дегенмен есеп өзгермей, ойын тең нәтижемен аяқталды.
Алдағы ойында алматылық команда 6 қараша күні сырт алаңда Италияның «Интер» командасымен кездеседі.