Қызылордада УЕФА стандартына сай «Қайсар Арена» стадионы ашылды

Автор Асан Джалилов
11 просмотры

Алматы. 6 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Қызылорда қаласында УЕФА талаптарына толық сәйкес келетін жаңа заманауи спорт кешені – «Қайсар Арена» пайдалануға берілді. Бұл – халықаралық стандартқа сай елдегі үшінші стадион. Жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асатын кешенде 11 мың көрерменге арналған трибуналар, соңғы технологиямен жабдықталған жасанды көгалды футбол алаңы және УЕФА стандарттарына сай жарық жүйесі бар. Стадионның салтанатты ашылуына Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, нысанның ел спортына серпін беретінін атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде 14 өңірде 32 спорт нысаны іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. «Қайсар Арена» – Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан ең ірі жобалардың бірі», – деді министр. Кешен құрамында бокс, күрес, таэквондо, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары бар. Сонымен қатар, ғимаратта ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін де қолайлы жағдайлар жасалған. Жаңа спорт кешені халықаралық деңгейдегі жарыстар мен мәдени-спорттық іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндік береді және аймақ жастарының спортқа қызығушылығын арттыруға сеп болады.

Комментарии