Араға 26 жыл салып Қазақстанға грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын медалін сыйлаған Айдос Сұлтанғали туған еліне оралды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
22 қыркүйектен 23 қыркүйекке қараған түні Астана халықаралық әуежайында әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали бастаған ұлттық құрама мүшелері мен бапкерлерін зор қошеметпен қарсы алды. Оларды Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, спорт жанкүйерлері және әскери оркестр күтіп алды.
Хорватия астанасы Загребте өткен Әлем чемпионатының финалында 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Айдос Сұлтанғали өзбек балуаны Әлішер Ганиевті небәрі бір минуттың ішінде таза жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Бұл жеңіс – Қазақстан құрамасы үшін грек-рим күресінен араға ширек ғасырға жуық уақыт салып қайта оралған алтын медаль. Айдос Сұлтанғалидың жетістігі ұлттық спорт тарихында айтулы оқиға болып қалмақ.