Шымкенттегі неміс мәдениетінің фестивалі – халықтар достығының айқын көрінісі

Автор Асан Джалилов

2025 жылғы 20 қыркүйекте Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің 35 жылдығына арналған неміс мәдениетінің фестивалі өтті. Бұл айтулы шараға Шымкент қалалық «Барбанг» күрд этномәдени бірлестігі де зор құрметпен және достық ниетпен қатысты. Фестиваль Қазақстандағы этностардың бірлігі мен мәдени байлығын паш еткен жарқын мереке болды. Шара барысында неміс этносының дәстүрлі және заманауи әндері орындалып, ұлттық киімдегі өнерпаздар би өнерін көрсетті. Әрбір өнер туындысы неміс этносының Қазақстандағы терең тарихы мен мәдениетінің айнасы іспеттес болды. Сонымен қатар, көрме ұйымдастырылып, онда неміс этносының Қазақстандағы тарихына және Шымкенттегі «Возрождение» орталығының қалыптасуы мен дамуына арналған құнды материалдар қойылды. Архивтік фотосуреттер, тұрмыстық заттар мен құжаттар этностық бірегейлікті сақтау мен мәдени мұраны дәріптеудің маңызды үлгісін көрсетті. Бұл — бейбітшілік пен татулықтың шынайы тарихы. Фестивальде ұлттық тағамдар ұсынылып, қатысушылар дәстүрлі неміс асханасының дәмін татты. Бұл неміс қауымының қонақжайлығы мен мәдени байлығын тағы да айқындады. Шымкент қалалық «Барбанг» күрд этномәдени бірлестігінің қатысуы этносаралық диалог пен мәдени байланыстарды нығайтудың көрінісі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы — халықтар достығы мен бірлігінің ортақ алаңы. Мұнда әр этнос өз орнын тауып, өзін қажет әрі қадірлі сезінеді. Бүгінгі фестиваль тағы да дәлелдеді: бірлігіміз – берекеміз, татулығымыз – тұтастығымыз. Біз бірге – Қазақстанбыз!

Комментарии