Түркістанда Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының ең көне қолжазбасы табылды

Автор Асан Джалилов
50 просмотры

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» еңбегінің еліміздегі ең көне қолжазбасы Түркістан облысының Сауран өңірінен табылып, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музейіне тапсырылды. Құнды жәдігер шамамен 1834 жылы жазылған деп болжануда.

Бұл туралы «Ясауитану» ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы баспасөз мәслихатында хабарлады. Оның айтуынша, тарихи қолжазба саурандық Еркін Сапаровтың бастамасымен анықталған. Еркін ақсақалдың туысы Алимжан Рамазанұлының шаңырағында бірнеше көне кітаптар бабалардан мұра ретінде сақталып келген. Зерттеу нәтижесінде 17 сирек қолжазба мен кітап алынған, олардың ішіндегі біреуі Қожа Ахмет Ясауидің хикметтер жинағы екені дәлелденді.

Кітап қалың қағазға жазылған, мұқабасында арнайы таңбасы бар. Қолжазба араб-парсы тілдерінде, шағатай жазба дәстүріне сай түсірілген. Онда 120 хикмет қамтылған, оның 39-ы ғылыми ортада бұрын-соңды кездеспеген тың нұсқалар болып шықты.

«Бұл — жай табылған кітап емес, Ясауи мұрасының жаңа қыры ашылған сәт. Бұрын белгісіз болған бірқатар хикметтер мен мәтіндік нұсқалар осы қолжазба арқылы алғаш рет ғылыми айналымға түсіп отыр», — деді Сайпулла Моллақанағатұлы.

«Ясауитану» ғылыми орталығы Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының базасында құрылған. Қазіргі таңда орталық қорында Ясауи мұрасына қатысты 25 кітап, 30 «Диуани хикмет» нұсқасы және өзге де зерттеу еңбектері жинақталған.

Комментарии