Аустралия ашық чемпионатының финалына шыққаннан кейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина дүйсенбі күні жаңартылатын әлемдік рейтингте үшінші орынға көтеріледі. Бұл нәтиже оның маусым басынан бергі тұрақты ойыны мен ірі турнирдегі жоғары көрсеткіштерін айқындайды.
Финалдық бәсекенің нәтижесіне қарамастан, қазақстандық спортшы қазіргі уақытта WTA Live рейтингінде 6 910 ұпаймен үшінші сатыда тұр. Осылайша, Рыбакина америкалық теннисшілер Аманда Анисимова мен Кори Гауфты басып озды. Нәтижесінде ол 2023 жылдың маусым айында қол жеткізген үздік көрсеткішін қайта тіркеді.
Финалда Елена әлемнің бірінші ракеткасы саналатын Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі. Шешуші матч сенбі күні өтеді.
Айта кетейік, Елена Рыбакина кейінгі он жыл ішінде WTA қорытынды турнирі мен Аустралия ашық чемпионатының финалына қатар шыққан үшінші ойыншы атанып отыр. Бұған дейін мұндай нәтижеге Арина Соболенко мен даниялық Каролина Возняцки қол жеткізген.