Қатар астанасы Доха қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды мәдени іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар Мемлекетіне жасаған мемлекеттік сапары барысында екі ел басшылары қол жеткізген уағдаластықтардың нәтижесінде ұйымдастырылды.
Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Мәдениет күндері аясында ол Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрі шейх Әбдірахман бен Хамад бен Джасим Әл Тәнимен кездесу өткізіп, мәдениет және өнер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Тараптар бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп, мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің мүмкіндіктерін қарастырды.
Келіссөздер барысында креативті индустриялар саласындағы өзара ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Қазақстанда бұл бағытты дамытуға басымдық беріліп отырғаны айтылып, бірлескен жобаларды іске асыруға дайындық білдірілді. Сонымен қатар кітап шығару, авторлардың шығармаларын қазақ және араб тілдеріне аудару, суретшілерді қолдау тетіктері бойынша тәжірибе алмасу мәселелері де көтерілді. Ынтымақтастықты жүйелеу мақсатында ведомствоаралық іс-шаралар жоспарына қол қою ұсынылды.
Мәдениет күндерінің ашылуы аясында Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Бағдарламада қазақтың классикалық музыкалық мұралары, халық күйлері мен әндері, симфониялық өңдеудегі заманауи шығармалар және араб музыкасының туындылары орындалды. Сонымен қатар делегация мүшелері Дохадағы «Дарб Аль-Саги» мәдени-тарихи орталығына барып, тақырыптық концерттерді, сәндік-қолданбалы өнер көрмелерін және ұлттық нақыштағы заманауи дизайнерлік жұмыстарды тамашалады.
Бағдарламада Қазақстан Ұлттық музейі дайындаған экспозицияға да ерекше назар аударылды. Шара барысында ұлттық дәстүрлер мен спорт түрлері таныстырылып, дәстүрлі садақ ату, саятшылық және тазы итпен аң аулау мәдениеті көрсетілді.
Төрт күнге жоспарланған мәдени бағдарлама Қазақстан мен Қатар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған. Алдағы уақытта Қазақстанда Қатар Мемлекетінің мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр.